Мейрамға қарамастан Грузия тұрғындары кешегі ереуілді одан ары жалғастыруға бекінген. і Грузияның Ішкі істер министрлігі  кешегі митингке шыққан  66 адамды  полиция ұстағанын хабарлады — оларға ұсақ бұзақылық және полицияға бағынбады деген айып тағылды.

«Министрлік бейбіт наразылық акциясын зорлық-зомбылыққа айналдыруға ықпал еткен және ұйымдастырған барлық адамдардың әрекеттеріне тиісті құқықтық баға береді», — деді Грузия ІІМ.

Ереуіл кезінде елуге жуық адамның әртүрлі деңгейде жарақат алғаны хабарланды. Олардың басым бөлігі тәртіп сақшылары екен.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, наразылық білдірушілерді қолдап, олар бүгінде азат Грузияның өкілі екенін айтады.

«Өз болашағын Еуропада көретін Грузия ешкімге бұл болашақты тартып алуға құқық бермейді. Бұл заң қандай түрде болса да жойылуы керек. Мен оған вето қоямын», — деді президент.

Бұған дейін Грузия астанасының көшелерінде түні бойы шерулер мен наразылықтардың басылмағаны хабарланған болатын. Себебі, депутаттар бірінші оқылымда «шетелдіктер туралы заңды» қабылдады, бұл Грузия тұрғындарына аса қатты ұнай қоймайды.

Грузиндер бұл жобаға өте наразы, өйткені ол Ресей Федерациясының заңына қатты ұқсайды. Сондай-ақ олар бұл заңның қабылдануы оларды ЕО-дан алшақтатады деп есептейді.