Даниал Ахметов Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси командасына кірген саясаткерлердің бірі боп есептеледі. Ол бригадирліктен премьер министр лауазымына дейін көтерілген шенеунік.  2014 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысын басқарып келеді. Шығыс өңірін тоғыз жылдан бері басқарып келе жатқан алпыс сегіз жастағы Ахметов «ұлыс медиаға» берген сұхбатында тағы да бес жыл әкім болғысы келетінін айтыпты. 

«Барша ауданда біз жоспарды айттық. Аудандарымыз қалай дамиды? Бұрынғы аудан орталықтарында не істеу керек? 387 ауылда не істейміз? Соның бәрін біз айтып бердік. Барша халық білуі керек. Неге десеңіз, мыңдаған данамен (ақпаратты) газетке шығардық. Бір отбасыға бір газет алдық. Жылдан жылға жоспарды барша халыққа таратып жүрміз. Сөзсіз біздің барлық бағдарламамыз іске асырылады».

Әкім журналистің «ол үшін сізге қанша уақыт қажет?» деген сұрағына «жалпы біздің бағдарламаның ұзақтығы – бес жыл» деп жауап берді.

«Неге десеңіз, оған уақыт керек. Қаржы керек. Барша мәселенің, проблеманың уақыты болады ғой. Бір күннің ішінде сіз Америкаға бара алмайсыз. Сегізінші қабатқа шыға алмайсыз. Баспалдақпен асықпай баруыңыз керек. Біз де дәл солаймыз. Өмір солай», — дейді Даниал Ахметов