Қостанайдағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тәрбиеші жасөспірім қызды үтікпен күйдірген. Бұл туралы HALYQSTAN телеграм арнасы хабарлады.
Орталықтағы тәрбиеленушілердің көбінің психиатриялық диагнозы бар. Яғни, бұл қызметкерлер үшін қиын «контингент» саналады, бірақ бұл жағдай ешбір жағдайда қатыгездік көрсетуге немесе азаптауға сылтау бола алмайды.
Дереккөздердің айтуынша, тәрбиеші жанжал кезінде өзін ұстай алмай, 16 жастағы Дарья К.-ның денесін бірнеше рет ыстық үтікпен күйдірген. Орталық басшылығы бұл туралы білген соң, оқиға орнына полиция шақырған.
Ресми нұсқаны білу мүмкін болмады: орталық директоры Дина Құсалина екі күн бұрын басқа жұмысқа ауыстырылған.
Күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Ол және оның әріптесі қызметінен босатылған. Егер тергеу тәрбиешінің кінәсін анықтаса, оны екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.