Жигули Дайрабаев, Қазақстан фермерлер одағының төрағасы:
«Алдағы уақытта елімізде өткелі тұрған президент сайлауынан күтер жақсылығым көп. Халықтың сенімін алған тұлға билік басына отырып, жаңа өзгерістерді тиімді іске асырады деп ойлаймын. Биыл елімізде саяси реформалар жүргізіліп, жағдай біршама реттелгенін көріп отырмыз. Соның арқасында елдің тұрақтылығын сақтай алдық. Әрине, мұның бәрі ең бірінші кезекте мемлекеттің біртұтас жолға түсіп, дамуы үшін болып жатқаны анық.
Негізі сайлауды мерзімінен бұрын өткізетін жөніміз бар. Себебі көріп отырмыз, көрші елдерде геосаяси ахуал тұрақсызданып, күрделеніп бара жатыр. Оның соңы не болатыны бізге белгісіз. Сондықтан президент сайлауын алдын ала ертерек өткізіп, мемлекет басшысын анықтап алып, сыртқы қатердің астарын аңдып, мемлекетті қорғай білгеніміз абзал. Бұл шешімді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапқырлығы ретінде бағалауға болады.
Қазір кез келген саяси топтардың дайындалуына, өз ұсыныстарын еркін айтып, президент сайлауына қатысуына мүмкіндік беріліп отыр. Яғни, әділдік бар, Батыс елдеріндегідей демократиялық бағытқа сай өткізілмек. Сайлаудан соң мемлекетіміз бірыңғай даму жолына түсеріне сенім мол. Билікпен қатар, қоғамда да ішінара түрлі реформалар болуда. Бұндайда халықтың да билікке сенім артып, мемлекеттің болашағы үшін бірлікке жұмыла білгені дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан кезекті президент сайлауы – мемлекеттің келешегін тұрақты жандандыруға негізделген кепілі болып саналады. Біз осы елдің азаматы, халықтың белсенді бір мүшесі ретінде сайлаудың өтуін заңды деп есептейміз».