3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексін жариялады. 2022 жылы 122-орында тұрған Қазақстан биылғы рейтингіде 12 саты төмендеп, 134-орынға тұрақтаған. Ұйым есебінде Қазақстанда сөз еркіндігі нашарлап, интернетті бақылау күшейді деп мәлімдеді. Орталық Азиядағы «демократия аралы» деп есептелетін Қырғызстан 50 саты төмен түсті.

«ҚАЗАҚСТАНДА БИЛІК АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІН БАҚЫЛАЙДЫ»

«Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders – RSF) биылғы есебінде «Қазақстанда үкімет ақпарат кеңістігін бақылағысы келетінін», «ақпаратқа қол жеткізу шектелгенін, үкіметтің брифингілерінде журналистер цензураға тап болатынын» айтады.

«Билік үкіметке қарсы наразылық шараларынан хабар таратпас үшін қолда бар амалдарды қолданады. Қамайды, шабуылдайды, телекоммуникация мен интернетті өшіреді. Үкімет пропагандалық ақпаратты тарату үшін жеке басылымдарға ақша төлейді. Билік мемлекеттік және мемлекет бақылайтын медиа редакторларын да қадағалайды. Ақпарат министрлігі БАҚ жұмысын реттейтін органның функциясын атқарады» деп жазылған есепте.

«Шекарасыз тілшілер» Қазақстанда Конституция цензураға тыйым салса да, елде цензура бар екенін, дереккөзді құпия сақтау құқығы тапталатынын айтады.

«Жала жабу» бабына декриминализация жасалғанымен, «жалған ақпарат тарату» бабы үшін қылмыстық жауапкершілік сақталды. Елде БАҚ туралы заңға енгізілмек өзгерістер үкіметтің баспасөзді одан әрі бақылауына жол ашуы мүмкін» деп алаңдайды RSF.

Қазақстан үкіметінде қазір «Масс медиа туралы» заң талқыланып жатыр. Бұл заң қабылданса ақпарат және қоғамдық даму министрлігі елдегі баспасөз бен журналистер жұмысын бақылауға алмақ. Заң жобасында «масс медиа саласына мемлекеттік реттеу мен бақылау орнату» қарастырылған. Бұл бақылау мен реттеуді ақпарат министрлігі жүргізіп, ақпарат құралдарына лицензия береді, есепке қояды. Бұдан бөлек, министрлік медиаресурстарға профилактикалық бақылау мен мониторинг жүргізеді. Мекеме мұны «заңбұзушылықтардың алдын алу» деп түсіндіреді.

«Шекарасыз тілшілер» Қазақстанда мемлекет қолдайтын басылымдар ресми пропаганда мен мемлекет саясатын насихаттауға тиіс екенін, ал тәуелсіз басылымдар мемлекеттік дотациядан қағылып, тек жарнамаға арқа сүйейтінін мәлімдеген.

«Қоғамда журналистерге күдікпен қарайды. Жұрт блогерлерге, желідегі аноним хабарламаларға көп сенеді. Журналистерді «жемқорлығы үшін» айыптайды. Заң білмегендіктен, журналистер кедергілерге жиі ұшырайды. Орган қызметкерлері мен жеке компаниялардың күзетшілері журналистерге күш қолданудан тайынбайды» деп жазылған құжатта.

RSF Қазақстан билігінің 1997 жылдан бері жүргізіп келе жатқан «репрессияшыл реформаларының» салдарынан елде пропаганда белең алғанын, санаулы тәуелсіз баспасөз («Власть» сайтын, «Уральская неделя» газетін және «ҚазТАГ») қалғанын айтады. Ұйым қазақстандық журналистер әлеуметтік желіге ауысып, билікшіл басылымдардың позициясынан тыс ақпарат таратып отырғанын атап өткен. Мұның мысалы ретінде Instagram желісіндегі Protenge парақшасын, YouTube желісіндегі «За нами уже выехали» және «Гиперборей» арналарын көрсеткен.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?

Орталық Азияда «сөз бостандығы ахуалы анағұрлым жақсы» делінетін Қырғызстан 50 саты төмендеп, 72-орыннан 122-орынға бір-ақ түсті. Ұйым Қырғызстан билігі цензураны күшейтіп, баспасөз еркіндігін шектеуге тырысып жатыр дейді.

«Тәуелсіз басылымдар билікті сынаса, «жала жапты» деп қудаланады. Кейде тәуелсіз басылымдар жемқорлық туралы материал жарияласа, кибершабуылға ұшырайды. Зерттеу жасаған журналистерге, митингілерден хабар таратқан тілшілерге күш көрсетіледі» деп жазылған есепте.

«Шекарасыз тілшілердің» баспасөз еркіндігі индексінде Өзбекстан 133-орыннан 137-орынға, Тәжікстан 152-орыннан 153-орынға төмендеген.

RSF Өзбекстанда тәуелсіз медианы дамытуға заң кедергі екенін, басылымдар мен блогерлерді билік бақылайтынын, жастардың көбі ақпаратты басылымдардан емес, «Одноклассники», Facebook, Telegram сияқты желілерден алатынын айтады.

«Шекарасыз тілшілер» есебінде «Тәжікстанда тәуелсіз журналистер елден кетуге мәжбүр. Ал елде қалғандарына өздеріне цензура қоюға тура келеді. Баспасөз биліктің бақылауында, тәуелсіз басылымдарға биліктен ақпарат алу қиын. Мәселені ашық жазған журналистерді орган өкілдері қудалайды» деп жазды.

Түркіменстан 177-орыннан 176-орынға көтерілген, бірақ бұл ел Мьянма, Иран, Эритрея, Вьетнам, Сирия, Қытай және Солтүстік Кореямен бірге «баспасөзі мүлде еркін емес» елдердің қатарында тұр. Ұйым Түркіменстанда басылымдарды билік түгел бақылайтынын, тәуелсіз басылымдардың бәрі шетелде екенін айтады.

ҚАЙ ЕЛДЕРДІҢ БАСПАСӨЗІ ЕРКІН?

Баспасөз еркіндігі индексінде алғашқы ондықта Норвегия, Ирландия, Дания, Швеция, Финляндия, Нидерланд, Литва, Эстония, Португалия, Шығыс Тимор тұр.

Украина 106-орыннан 79-орынға көтерілген. Ал Беларусь 153-орыннан 157-орынға, Ресей 155-орыннан 164-орынға төмендеген.

RSF Ресейдің басқыншылығы Украинадағы медианың күнкөрісіне қауіп төндіргенін айтады. «Бұл ақпараттық соғыста Украина Кремльдің пропаганда жүйесіне қарсы тұрып жатыр» деп жазады ұйым.

Индексте Беларусьте Александр Лукашенко режимі тәуелсіз басылымдарды қудалауды күшейткені, тәуелсіз медиа түгел шетелден хабар таратып отырғаны, елде биліктің пропагандасын насихаттайтын «Беларусь» телеарнасы ғана қалыпты жұмыс істеп жатқаны жазылған.

«Шекарасыз тілшілер» Ресей Украинаға соғыс ашқалы елде жұмыс істейтін барлық тәуелсіз медиа бұғатталғанын немесе «шетел агенті» деп танылғанын атап өткен. Есепте Ресей билігі басылымдарға әскери цензура қойып отырғаны да айтылады.

«Шекарасыз тілшілер» – штаб-пәтері Парижде орналасқан, баспасөз еркіндігін бақылайтын халықаралық үкіметтік емес ұйым. 1985 жылы Монпелье қаласында құрылған.