Жамбыл облысындағы Сарысу ауданында орналасқан «Қазфосфат» компаниясының жұмысшылары бүгін бейбіт жиынға шықты. Олар басшылықтан жалақыларының көтерілуін талап етті. 

Әлеуметтік желіде жарияланған  видеоларда жүздеген маманның жұмыс орындарын тастап,  шерулетіп кетіп бара жатқаны көрсетіледі.  

«Кадрлық бизнесті тоқтат деп басшылыққа айттық. Біз ешқандай саяси талап жоқ. Саясат бізге керегі жоқ. Айлығымыз, жұмыс жағдайымыз жақсарсын. Содан кейін өткенде Ғани осында 50 пайыз жергілікті халықтан аламыз деген. Екіншіден, инфляцияны үкімет қанша айтады – соны біз қосамыз деген. Осы уақытқа дейін қосылған жоқ. Біз артық ештеңе талап етіп жатқан жоқпыз. Бүгін бензин қымбаттады. 21 пайыздық инфляциялық айырманы айлыққа қоссын», — дейді жұмысшылардың бірі.

«Бейбіт митинг. Басшылар тарапынан ешқандай шешім жоқ. Алдындағыдай құрғақ уәде» дейді екіншісі.

«Инвестор келгеннен кейін ақша құямын деп келеді. Дұрыс па? Бұл жерге тонауға, ұрлауға, істеп тұрған фабриканы тонап тастады. Соның бәрі тоқтатылсын! Мына жердегі «галерея» толығымен кесіліп кетті», — дейді үшінші жұмысшы.

Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекция басқармасы аталған мәселе жөнінде ақпарат таратты.

«Сағат 12.30-да Жамбыл облысының Сарысу ауданында «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің ғимаратында «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е.Сариевтің, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен осы кәсіпорын қызметкерлерінің (шамамен 150 адам) жиналысы аяқталды. Кездесу нәтижесінде ТКӨК жұмысшыларының бұрын ұсынған әлеуметтік-тұрмыстық талаптарын шешу үшін татуластыру комиссиясын (әр цехтан 5 өкіл және аудандық мәслихат депутаттары) құру жөнінде жалпы шешім қабылданды. Комиссия төрағасы болып «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е. Сариев сайланды.Қоғамдық-саяси жағдай тұрақты», — деп хабарлайды басқарма.