«Отан отбасынан басталады», «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» деп айтқан дана халқымыздың сөзінен отбасының қоғамдағы маңыздылығы көрінеді. Отбасы – бала тәрбиесінің алғашқы мектебі. Сондықтан, отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен болашағының өлшемі.

Өкінішке орай, отбасының бұзылып жататын кезі де бар. Мұндай жағдайдың азаймай, «қалыпты жағдайға» айналуы, әрине, қынжылтпай қоймайды. Осы жағдай орын алып жатса, кешегі отбасылар арасындағы мәселені шешу үшін жүгінетін орган, әрине, сот.

Тараптар мәселелерін қарау барысында сот татуластыру рәсімдері арқылы екі жаққа да дауды мүмкіндігінше тиімді шешу жолын табуға жәрдемдесіп, отбасын сақтап қалуға тырысып, әрекеттер жасайды. Бұл бағытта жүзеге асырылған іс-шараның бірі ретінде Жоғарғы Сот бастамасымен жүзеге асырылған «Отбасылық сот» пилоттық жобасын мысал ретінде келтіруге болады.

Отбасылық соттың мақсаты – шаңырақты сақтау, балалардың толық отбасында тәрбиеленуіне жол ашу және олар қиын өмір жағдайында болса тегін құқықтық және психологиялық көмек көрсету. Сонымен қатар, бұл жоба ұлттық отбасылық құндылықтарды және дәстүрлерді насихаттауға, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, сондай-ақ, некені бұзуды сұрап сотқа жүгінген ерлі-зайыптыларға психологиялық көмек көрсетуге бағытталған.

 Аталған жоба аясындағы кешенді шаралар өткізіліп, соның арқасында «некені әрі қарай сақтап қала алмаймыз» деген тараптардың өз қатесін түсініп, отбасын сақтап қалған кездері аз емес. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Осының өзі жобаны әрі қарай жалғастыру қажеттігін көрсетеді.

Неке бұзу себептерінің алдын алу, оны сақтап қалуға жәрдемдесу үшін отбасы-тұрмыстық қатынастардан туындайтын даулардың (бірге тұрған немесе тұратын, некедегі немесе бұрын некеде болған, жақын туыс адамдар арасындағы) бір сотта қаралғаны жөн. Алайда, бүгінгі күні отбасына қатысты істер әртүрлі соттарда қаралады. Атап айтқанда – некені бұзу (ортақ кәмелетке толмаған балалары болған жағдайда немесе мүлік бойынша дау болса), меншікті бөлу және алименттік міндеттемелерден туындайтын даулар бойынша істер аудандық және оған теңестірілген соттарда қаралса, ал балаларға қатысты істер (баланың тұрғылықты жерін айқындау, ата-ананың баламен араласу тәртібін айқындау және тағы басқа Азаматтық процестік кодекстің 27-бабының 3-бөлігінде көрсетілген істер) кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарда қаралуда.

Жанұя құндылықтарын түсіндіру және оны сақтауға жәрдемдесу үшін «Отбасылық сот» пилоттық жобасының жалғасы ретінде «Отбасылық соттарды» құру аса маңызды. Себебі, неке және отбасы, оның ішінде балалар – бәрі де ажырамас ұғым, оларды бөліп қарауға болмайды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мұндай санаттағы істерді қарағанда тек судья емес, сонымен бірге психолог, медиатор және дауды шешуге көмектесе алатын басқа да тұлғалар тартылуы қажет.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан тағы да бір ауқымды шара — «татуластыру рәсімдерінің» ролі де маңызды. Яғни, талап қою сотқа түскен сәттен бастап және істі мәні бойынша қарау аяқталғанға дейін тараптарға татуласудың артықшылықтарын түсіндіру, оның амалдарын бірге қарастыру және отбасын сақтап қалу мүмкін болмағанның өзінде екі тарапты да қанағаттандыратын шешім шығару қажет.

Мұндай санаттағы істер бойынша дауды сотқа дейінгі реттеудің міндетті тәртібін енгізген дұрыс деп есептеймін. Тараптар сотқа жүгінбес бұрын медиаторға және отбасылық психологқа жүгінгені жөн. Өйткені, отбасы мүшелері ашуға беріліп сотқа жүгінсе, сол үшін ренжіген екінші тарап та соттасуға бет алады. Кейбір жағдайларда отбасы мүшелерінің болмашы келіспеушілік үшін де сотқа жүгіну мысалдары бар.

Соттағы татуласу рәсімдерінің нәтижесінде тараптардың қайсыбірі татуласып жатса, кейбіреулері одан бетер қырсығады. Егер татуласу рәсіміне тараптардың біреуінің (не екеуінің де) өкілдері ғана қатысса, татуластыру рәсімдерін жүргізу қиын немесе мүлдем мүмкін болмайды. Ал сотқа дейін дауласушы жақтар медиаторға және (немесе) психологқа жүгінсе, соттасуға бел буған отбасы мүшелерінің саны күрт төмендеуге тиіс. Одан тек сотта қаралатын істердің саны азаймайды, ең бастысы, дау шиеленісіп кетпей тұрғанда тараптарға отбасын сақтап қалуға жәрдем жасалады.

Бүгінгі күні кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарының негізінде «Отбасылық соттарды» құру мәселесі талқыланып жатқаны белгілі. Осы талқылаудың нәтижесі оң болса, отбасылық қатынастарға байланысты барлық даулар бір сотта қаралып, шешіледі деп көзделуде. Бұл бастама уақытылы қолға алынған және сот жүйесіндегі реформаларды қоғам талабына сәйкестендірудегі ауқымды шараның бірі деген ойдамын.

 Жасұлан Достияров

Ұлытау облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі

мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы