Ел бойынша Мәжіліс сайлауынан өтпей қалған тәуелсіз кандидаттар наразылықтарын білдіріп жатыр. Бүгін Түркістан облысы және Шымкент қаласындағы үміткерлер баспасөз мәслихатына қатысып, сайлауды қайта өткізуді талап етті.  Олар сайлау нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуын сұрады. Баспасөз мәслихатына отыздан аса адам жиналды.

— Шымкенттегі №239-сайлау учаскесінде күнұзақ өрескел заңбұзушылықтар болды. Сайлау комиссиясы берілген дауысты есікті жауып қойып санады. Хаттамасын бермей, нәтижесін айтпай бюллетеньдерді қапшыққа салды да, полицияның арнайы жасағымен бірге алып қашып кетті. Округ бойынша 17 сайлау учаскесі бар. Қолымызда 16 учаскенің хаттамасы тұр. Осы хаттамалардың есебі бойынша қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Арман Оразбаев екі есе артық дауыс жинап, ұтып тұр. Ал №239-сайлау учаскесінің сайлау комиссиясының үстінен прокуратураға арыз түсірдік, сотқа береміз, — Арман Оразбаевтың штаб басшысы баспасөз мәслихатында.

Түркістан облысындағы №27 сайлау округінен мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде өзін-өзі ұсынған Нұржан Әлтаевтың қолында округтегі хаттамалардың 80 пайызын бар екенін айтты. Әрбірінде жауапты адамдардың қолы мен мөрі растайтын хаттамалардағы есеп бойынша 35178 дауыс жинағағанын,  ал мәжіліс депутаттығына өткен Темір Қырықбаев 32251 дауыс алғанын айтты.

— Қырықбаев 117 мың дауыспен ұтты дейді. Қып-қызыл өтірік. Осынша адам дауыс беруге келмеді. Мына хаттамаларда оның қанша дауыс жинағаны жазылып тұр. Кім санағысы келеді, санасын. Біз оны дәлелдей аламыз. Бұл – алаяқтық. Түркістан облысындағы жергілікті билік өрескел заңбұзушылыққа барды. Осылай жалғасса халық көтеріледі, Қаңтар оқиғасы қайталанады. Мен бұл сайлаудың нәтижесін мойындамаймын, — деді Әлтаев.

Сайлау нәтижесімен келіспеген кандидаттар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан кезектен тыс өткен мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау нәтижесін тез арада жойып, қайта сайлау өткізуді талап етті. Оларды баспасөз мәслихатына қатысқан ондаған жақтасы қолдады, кейбір үміткерлер дауыс беру тоқтағанына бір жарым тәуліктен асса да, кей сайлау учаскелерінің хаттамаларын ала алмай жүргеніне шағынды.

20 наурызда Астанада орталық сайлау комиссиясы бір мандатты жүйе бойынша алдын ала сайлау нәтижесін жариялап, Шымкенттен Данабек Исабеков пен Болатбек Нәжмидинұлы, Түркістан облысынан Ұласбек Сәдібеков пен Темір Қырықбаев мәжіліс депутаттығына өткен. Шымкентте мәжіліске екі сайлау округінен 16 үміткер, Түркістан облысында үш сайлау округінен 21 үміткер тіркелген. Қала және облыс мәслихаты депутаттығына кімдер өткені әзірге белгісіз.

«Сайлау нәтижесі бұрмаланды» деген Нұржан Әлтаевтың мәлімдемесіне қатысты Түркістан облысы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішев Азаттыққа пікір білдірді. Әлтаевтың №27 округ бойынша сөзін терістеген ол қандай да бір шағым болса 5 күн ішінде сотқа жүгінуге кеңес берді. Ал Темір Қырықбаев мырзадан бұған қатысты комментарий алу мүмкін болмай тұр.

Алматыда да бір топ кандидат сайлау нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеп, кейбірі сотқа шағымданған.

Сайлауды бақылаған ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы «сайлау саяси өмірге бәсеке әкелгенімен, әртүрлі әкімшілік кедергілер әлі бар» деп мәлімдеді.

Ал президент Тоқаев 21 наурызда сайлауды «бүкіл реформаларды алға бастайтын өте маңызды қадам» деп атады және оны «ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы» деп сипаттады. Ол «мемлекет жаңа дәуірге қадам басып», сөйтіп елде «жаңа саяси кезең қалыптасты» деді.

Әлеуметтік желіде бюллетеньді топтап салу, бақылаушылардың сайлауды бақылауына кедергі жасау, сайлау учаскелерінде хаттаманы уақытында бермей, созбаққа салу сынды заңбұзушылықтар туралы көп ақпарат болды.

Бас прокуратура сайлау күні заңбұзушылықтар болғанымен, дауыс беру нәтижесіне әсер етпеді деп мәлімдеді.

ОСК нәтижесі бойынша, мәжілістегі басым орынды биліктегі «Аманат» партиясының мүшелері алмақ.