Мәжіліс сайлауының нәтижесімен келіспеген экс кандидат Думан Мұхаметкәрім 25 тәулікке қамауға алынды. Ол  Facebook парақшасында 21 наурыз күні түстен кейін Алматыдағы алаңға шығатынын мәлімдеп, өзгелерді де оған қосылуға шақырған болатын.

Заңгер Ғалым Нұрпейісов осыған қатысты пікір білдірді:

«Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттығына кандидат Думан Мұхаметкәрім өз наразылығын ашық білдіріп, пикетке шығуды көздеген. Ол дауыс беру нәтижелерімен келіспейтіндігі туралы пікірін білдіргені үшін 25 тәулікке қамауға алынды»

Қаңтардың 30-ы күні YouTube-тегі «Не дейді» арнасының авторы, қаңтар оқиғасын белсенді жариялаған журналист Думан Мұхаметкәрім Мәжілістегі сайлау додасынан шеттетілді.

19 наурызда Қазақстан Республикасында Мәжіліс пен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы өтті. Ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 54,19% қатысуы тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең төменгі көрсеткіш болды.

Бұған дейін биліктің жүйесін қатал сынайтын журналист бейбіт митингке шақырғаны үшін он төрт тәулік қамауға алынған болатын.