-9 C
Нур-Султан
-2.1 C
Алматы
2.3 C
Шымкент
-9 C
Нур-Султан
-2.1 C
Алматы
2.3 C
Шымкент

Үкімет әзірлеген масс-медиа туралы заң жобасының кемшілігі неде?

Қоғам талқысына шығарылған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасы цензураны күшейтіп, ақпарат құралдарына қатаң мемлекеттік бақылау орнатады. Қазақстандағы журналистер мен баспасөз құқығын қорғаушы ұйымдар осылай дейді. Олар билікті заң жобасынан бас тартуға үндеп отыр.

Жақында талқылауға шығарылып, ашық норматив-құқықтық актілер сайтына жарияланған заң жобасына журналистер мен медиазаңгерлер наразы. Олар бірнеше ай бойы ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде құрылған жұмыс тобына қатысып, ұсыныстарын айтқан. Бірақ сала өкілдерінің талап-ұсынысы ескерілмеген.

БИЛІКТІҢ ҚОЛАЙЫНА ЖАҒАТЫН ЖУРНАЛИСТИКА

Заң жобасына сәйкес, журналист мәртебесі баспасөз картасымен расталады. Енді бұл картаны министрлік жанындағы комиссия береді. Карта алу үшін журналистің кемі үш жыл еңбек тәжірибесі, журналистика немесе соған ұқсас салада жоғары білімі болуы шарт. Дипломы жоқ адамдар салада кем дегенде бес жыл жұмыс істеуі керек.

– Осы заң жобасы арқылы журналист қызметіне лицензия беруді енгізіп жатқан сияқты. Қазір елде журналист болу үшін лицензия керек емес. Заң жобасы осы күйінде мәжіліске жіберіліп, қабылданып кетсе, сөз бостандығы қатаң шектелетін елге айналамыз, – дейді «Әділ сөз» баспасөз құқығын қорғау ұйымының басшысы Қарлығаш Жаманқұлова.

Заң жобасын дайындаушылар халықаралық тәжірибені алға тартып, Түркияны мысалға келтіреді. Түркияда баспасөз картасы қысым құралына айналған: президент бақылауындағы басқарма кез келген уақытта журналист картасының күшін жоя алады. Баспасөз картасын алу үшін журналист ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп принципіне қайшы келетін қызметпен айналыспауы керек. 2016-2018 жылдары (мемлекеттік төңкеріске талпыныстан кейін) Түркия үкіметі 2 мыңға жуық, 2020 жылы 1400 баспасөз картасының күшін жойды. Түркия президенті баспасөз картасы жоқ тілшіні журналист көрмейді.

Қазақстанның жаңа заң жобасында «кәсіби этика нормаларын бұзған журналистер картасынан айырылады» деп жазылған.

Медиажаттықтырушы Бақтыгүл Бұрбаева мемлекет журналистердің кәсіби этика мәселесіне араласпауы керек деп есептейді.

– Бұл биліктің дегенімен жүрмеген журналистің мойнына түскен қыл арқан болады. Журналист әрекетінің дұрыс-бұрыстығын кім тексеретіні белгісіз. Сонда тілші әр басқан қадамына рұқсат алып отыруы керек. Бүкіл әлемде журналист қызметін реттеу, этика принциптерінің орындалуын қадағалау заңның құзыретіне кірмейді.

ЖУРНАЛИСТЕР МЕН МЕДИАЗАҢГЕРЛЕРДІҢ УАЙЫМЫ

Медиазаңгерлер жоба ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталғанына назар аударады. Бірақ іс жүзінде бұл құжатқа интернет ресурстардың бәрі кіреді. Яғни заң жобасы журналистерге ғана емес, желі қолданушыларының бәріне арналған.

Баспасөз құқығын қорғаушы мамандар ар-ождан және іскерлік бедел бойынша арыздану мерзімі жоғына алаңдайды. Үкімет дайындаған заң жобасының тұжырымдамасында үш жыл мерзім белгіленген. Медиазаңгерлер бұл мерзімді бір жылға дейін қысқарту керек деп есептейді.

– Бізді арыз беру мерзімінің жоқтығы алаңдатады. Бұл мәселе бойынша бір келісімге келген сияқты едік, бірақ заң жобасының соңғы нұсқасынан арыз беру мерзімін тағы да алып тастапты. Мұнда ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға қатысты арыз беру мерзімі туралы айтып отырмыз. Қазір Қазақстанда мұндай мерзім жоқ. Азаматтық істер бойынша 10, 20 жыл өткеннен кейін де арыз бере беруге болады, – дейді «Құқықтық медиаорталық» қорының заңгері Гүлмира Біржанова.

Медиазаңгерлер ақпарат құралдарының «ерекше жағдайдағы» қызметі туралы тармақ пайда болғанына да күмәндана қарайды.

Олардың пікірінше, бұл тармаққа техногенді апаттан бастап, жаппай тәртіпсіздік пен қарулы қақтығысқа дейінгі кез келген төтенше жағдай жатуы мүмкін.

Заң жобасында журналистер «ерекше жағдайларда» редакция тапсырмасын орындау үшін өкілетті тұлғадан (ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер, қорғаныс және төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінен) рұқсат алуы керек деп жазылған. Журналистер аталған тұлғалардың тапсырмасын бұлжытпай орындап, материалдарын мақұлдауға беруі қажет.

Мәселе мұнымен ғана аяқталмайды: журналистерге күш құрылымдарын сынап, қоғамдық тәртіп пен елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіретін ақпарат таратуға тыйым салынады. Мемлекеттік органдарға қандай ақпарат зиян екенін кім анықтайтыны түсініксіз. Бірақ жобада күш құрылымдарының журналиске кәсіби қызметін атқаруға тыйым сала алатыны жазылған.

Баспасөз құқығын қорғаушылар «бұл жайт Конституцияға қайшы, Ата заңда сөз бостандығына кепілдік беріліп, цензураға тыйым салынған» дейді.

Заң жобасын дайындаушылар «ерекше жағдайдағы» іс-қимылдың қатаңдығы қауіп кезінде журналистерді қорғау қажет болатынынан деп түсіндіріп, ақпарат құралдары қызметкерлерінің қазасы туралы әлемдік статистиканы келтіреді.

«ЮНЕСКО дерегінше, 2018-2019 жылдары дүниежүзінде 156 журналист қайтыс болған. Оның 67-сі кикілжің болып жатқан елдерде, 23 азамат қақтығыс аймақтарынан хабар тарату кезінде қаза тапқан. 2020 жылы 62 журналист кәсіби міндетін атқару кезінде кісі қолынан өлген, көбі COVID-19 пандемиясы кезінде қайтыс болған», – деп жазады жоба авторлары.

ЮНЕСКО баяндамасында журналистердің көбі бейбіт уақытта жемқорлық, адам құқықтарының бұзылуы, адам саудасы, саяси былықтарды әшкерелеумен айналысып жүріп көз жұмғаны айтылған. Бірақ заң жобасының авторлары бұл туралы ештеңе демейді.

Олар журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіргендердің жазасын жеңілдеткісі келеді. ЮНЕСКО баяндамасында еркін пікір білдіру құқығын қамтамасыз етіп, азаматтарға тексерілген, сенімді ақпарат беру үшін журналистерге қарсы қылмыс жасағандарды жауапқа тарту керек делінген.

Жазаны жеңілдету үшін бапты жартылай декриминализациялау ұсынылып отыр. Авторлар мұны да «журналистерді қорғаған маңызды» дей отырып түсіндіреді.

«Бұл құқықбұзушылықты Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстырғаннан Қазақстанда мұндай норма қолдану тәжірибесі қалыптаспағанын мойындау керек. Кейінгі бес жылда аталған бап бойынша тоғыз факт қана сотқа дейінгі тергеуге алынған. Сондықтан заңға енгізілетін өзгеріс ақпарат құралдары еркіндігін дамытудағы маңызды қадам болады, журналистерді қорғаудағы тиімді механизмге айналады деп күтеміз», – дейді заң жобасын жасаушылар.

Жобада журналист аккредитация ережесін бұзса, мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратса, аккредитациясынан айырылуы мүмкін деп көрсетілген. Баспасөз құқығын қорғаушылар қандай да бір ақпарат біреудің беделіне нұқсан келтіретінін мемлекеттік органдар емес, сот анықтауы керек дейді.

Заңгерлер жобада журналист құқықтары емес, міндеттері анық көрсетілгенін айтады. Олар бұл құжат журналист құқығын шектейді деп есептейді.

– Ақпарат құралдары туралы заңды күттік, бәрі жаңа болады деп ойладық. Олар қазіргі қолданыстағы мәтінді алып, оған «Телерадиохабар тарату» туралы заңды қосқан. Нәтижесінде сәл өзгертілген ортақ заң шыққан. Бізге халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа заң керек. Ол мемлекеттік реттеуге емес, журналистер құқығын жүзеге асыруға бағытталуға тиіс, – дейді Гүлмира Біржанова.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегінше, заң жобасы әлі талқыланып жатыр, сондықтан оған әлі де ұсыныс енгізуге болады. Ведомство журналистердің арыз беру мерзімін белгілеу туралы ұсынысын қолдайды. Бірақ заң жобасының тұжырымдамасын дайындаған ведомствоаралық комиссияның көзқарасы бөлек. Министрлік «ерекше жағдайда» жұмыс істеу туралы бапта цензура белгілері бар дегенге келіспейді. Шенеуніктер журналистер антитеррорлық шаралар мен әскер орны туралы ақпарат жариялап қоймау үшін материалдарын мемлекеттік органдардың мақұлдауына беруі керек дейді.

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ШАБУЫЛ

Қазақстан «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының баспасөз еркіндігі индексінде 180 мемлекеттің ішінде 122-орын алады.

Үкімет ұсынған заңнамалық өзгертулер қабылданса, елдің рейтингі одан әрі төмендеуі мүмкін.

– Болжамым бойынша, Қазақстанның рейтингі одан әрі нашарлайды. Заңнан бөлек, журналистерге жасалған шабуылдар да жағдайға кері әсер етіп отыр: әлдекімдер редакцияларға малдың басын, іш құрылысын жіберіп, журналистердің есігіне желім жағып кеткен, – дейді заңгер.

Кейінгі айларда ақпарат құралдарына шабуыл жиілеген. 5 қазанда Orda.kz басылымының кеңсесіне шошқаның басы келген. Бастың ауыз тұсынан редактор Гүлнәр Бәжкенованың жыртылған суреті табылған.

13 желтоқсанда журналист Гүлжан Ерғалиева жетекшілік ететін Elmedia редакциясына «Ерғалиеваға» деген азагүл келген. Әлдекімдер кеңсе терезесін бірнеше рет шағып, бас редакторға қоқан-лоқы көрсеткен.

14 қаңтарда журналист Динара Егеубаеваның көлігі өртенді. 5 ақпанда ол ұлына қарулы шабуыл жасалғанын хабарлады.

19 қаңтарда түнде белгісіз біреулер журналист, YouTube-тегі «Гиперборей» арнасының авторы Вадим Борейконың пәтерінің есігінің сыртына желім жағып кеткен. Борейко журналистерге жасалған шабуылдардың бәрі бір орталықтан ұйымдастырылған болуы мүмкін деп топшылады.

20 қаңтарда Тоқаевтың баспасөз хатшысы «Президент құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы бағытталған бірқатар қылмыс бойынша мұқият тергеу жүргізуді тапсырды» деп хабарлады. 8 ақпанда Ulysmedia.kz порталының редакциясына малдың өкпе-бауыры мен бас редактор Самал Ибраеваның балаларының суреті салынған қорап келген.

Ақпарат құралдары өкілдеріне шабуыл жиілеп, сөз бостандығын шектейтін заң жобасы талқыланып жатқан тұста журналистер Тоқаевқа үндеу жариялады. Олар былтыр наурызда президент ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие, мықты ақпарат құралдарын құруға баса назар аударуға уәде бергенін еске салды; мемлекет мүддесі, қоғам сұранысы мен медиа саласының даму тенденцияларын ескеріп, ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарап шығуды өтінді. Тоқаевқа жазылған үндеуде журналистер үкімет бұл идеяға қарсы шығып, журналистер құқығын қорғаудың орнына мемлекеттік бақылауды күшейтіп, халықаралық стандарттарға сай келмейтін заң қабылдағалы жатқанын айтады.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар