-9 C
Нур-Султан
-2.1 C
Алматы
2.3 C
Шымкент
-9 C
Нур-Султан
-2.1 C
Алматы
2.3 C
Шымкент

2023 жыл сарапшылардың көзімен: «Саяси белсенділік артады», «Теңге тағы құнсызданады»

Қазақстандық сарапшылар биылғы жылдың қандай тосын сый әзірлеп отырғанын айтты. Еліміздің саяси және экономикалық үрдістері бар. Соған сүйене отырып, алдағы оқиғаларды дөп басып айтуға болады. Ол үшін тек нақты әрі шынайы деректер мен сараптамалық тұрғыдан таразылай білу қабілеті болса, сол да жеткілікті.

Саясаттанушы Андрей ЧЕБОТАРЕВ пен экономист Мақсат ХАЛЫҚ 2023 жылға арналған қызықты болжамдарын айтып берді.

Андрей ЧЕБОТАРЕВ, саясаттанушы:

«Жыл жайлы өтеді» деп айту қиын

– Сөз жоқ, биылғы жылдың айтулы оқиғасы Мәжіліс және мәслихат сайлауы болмақ. Ең маңыздысы, ұзақ жылдан кейінгі үзілістен соң, яғни 2007 жылы мажоритарлық жүйені алып тастаған түзетулерден кейін, өзін-өзі ұсынатындар көбейеді. Бұл адамдар саяси партиялардан емес, түрлі қоғамдық бірлестіктерден түспек.

Мәжілістің 30 пайызы мажоритарлық жүйемен сайланады. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына да. Мұның бәрі қоғамдық өмірге белсене атсалысқысы келетін азаматтар үшін серпін бермек.

Бізде қазір алты саяси партия бар. Жаңадан «Байтақ» атты жасылдар партиясы құрылды. Тағы да бір-екі жаңа партия тіркеу сүзгісінен өтіп, сайлауға қатыса алады деп ойлаймын. Әрине, қазір сайлаудың нәтижесі қалай боларын болжау қиын.

Бірақ биліктің сайлау барысын бақылауда ұстайтыны түсінікті жайт. Сондықтан «Аманат» партиясы мәжілістегі көпшілік орынын сақтап қалады. Қазіргі «Аманат» бұрынғы «Нұр Отан» емес. Президент басқармайды, филиалдарын жергілікті жерлерде әкімдер жетекшілік етпейді. Бұл партия халықпен жұмыс істеуде, электорат тартуда жаңа тәсілдерді пайдаланып жүр. Бәсекелестік ортаға бейімделіп келеді.

Мәжілістің депутаттық корпусы тек қана үш партиядан құралмайтын болар деп үміттенемін. Төрт-бес партия болуы мүмкін. Кейбір партиялар пропорционалды жүйе бойынша ғана жеңіске жетіп қоймай, фракциясын бір мандатты округтан да толықтыруы ықтимал. Мәселен, «Ауыл», бәлкім, «Байтақ» жасылдар партиясы жаңа партия эффектісін пайдаланып кетуі мүмкін.

Мәслихат үшін де белсенді сайлауалды тартыс болады деп үміттенемін. Парламент сайлауына түсе алмаған көп адам жергілікті жерлерде де белсенділік танытады.

Өткен жылғы президент сайлауында түрлі шашыраңқы бірлестіктерден тұратын, Болат ӘБІЛЕВ, Мұхтар ТАЙЖАН және басқалар бастаған оппозиция да, биліктен шеттелген бұрынғы элита өкілдері де билікке қарымды қарсылас болмағанын көрсетіп берді. Екі тарап та ешқандай әрекет жасамады. Сондықтан олардан қазір бірдеңе күту артық болар. Билік ахуалды жіті қадағалап отырғанын, бірдеңе бола қалса, қатаң шара, күш қолдана алатынын көрсете білді. Сондықтан ешкім былтырғы Қаңтарға ұқсас әрекеттерге бара қойматыны анық.

Десе де, кейбіреулердің қандай да бір қолбала кандидаттар немесе республикалық яки жергілікті деңгейдегі қандай да бір ықпалды топтар арқылы өз орнын қайтаруға ұмтылуы кәдік. Бірақ билік кімнің кім екенін,  кімнің артында кім тұрғанын жақсы біледі.

Бар гәп элита ішіндегі ымыраға байланысты. Мәселен, осы уақытқа дейін бейтараптық ұстанып келген Болат ӨТЕМҰРАТОВТЫҢ және Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВТІҢ қаржылық-өнеркәсіптік топтары бар. Мұндай тұлғаларға қарсы қатаң әрекет жасалынбауы мүмкін. Олармен байланысты адамдарға Мәжіліске немесе мәслихатқа түсуге мүмкіндік берілуі ғажап емес. Алайда Тұңғыш президенттің отбасына қатысы бар адамдар үшін саясаттың есігі жабық болмақ. Олар құқығымызды бұзды деп шағымдануы да мүмкін. Бірақ кімнің кіммен байланысы бар екенін бәрі жақсы түсініп отыр. Сондықтан онысынан түк шықпайды.

«Жыл жайлы өтеді» деп айту қиын. Өйткені, бәрі еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қалай боларына байланысты. Батыс пен Ресей арасындағы санкциялық соғыс жалғасып жатыр. Бұл жанама түрде Қазақстанға да әсерін тигізіп отыр. Бұдан бөлек, пандемиядан бері шешілмей келе жатқан өзіміздің дербес әлеуметтік-экономикалық түйткілдеріміз де шаш етектен. Сондықтан тұрақтылық туралы сөз қозғау қиындау.

Парламенттік және жергілікті сайлаулар кезінде шынайы оппозиция митинг немесе басқа да наразылық акцияларын өткізіп, билікті өзімен санасуға мәжбүрлеуге ұмтылуы бек мүмкін. Бұл жерде бәрі биліктің осы оппозиция өкілдерінің мүддесін елеп, ұстамды бөлігін Парламент пен мәслихатқа өткізуіне байланысты болмақ.

Екінші қырынан алғанда, бұл оппозиция шашыраңқы. Өзін біртұтас күш ретінде көрсете алған жоқ. Десе де, кейбірі жаппай шеруге шақыруы мүмкін. Мәселен, Демократиялық партия, Нұржан ӘЛТАЕВТЫҢ «Ел тірегі». Ал Болат ӘБІЛЕВТІҢСанжар БОҚАЕВТЫҢ, Мұхтар ТАЙЖАННЫҢ партияларына келсек, олар келісімге келуге қабілетті деп есептеймін. Бұл партиялардың өкілдерін билік органдарына өткізсе, ұстамдылық танытуға байлам жасауы әбден мүмкін.

Болат ӘБІЛЕВКЕ келсек, ол мүше болған партиялардағы үзеңгілестерінің бәрі де бір кезде биліктен шыққан тұлғалар еді. Сондықтан бұл адамдар билік адамдарымен оңай тіл табыса алады. Жүйені де жақсы біледі. Жұрт айтып жүргендей, Болат ӘБІЛЕВТІҢ НЫҒМАТУЛИНДЕРМЕН байланысы туралы нақты дерек жоқ. Десе де, оппозиция мен биліктен шеттелген кейбір адамдардың саяси одақ құруын да жоққа шығаруға болмайды.

Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:

Теңге тағы құнсыздануы мүмкін

– 2022 жылғы ең қиын жағдай инфляцияның қарқынды сипат алуы болды. Қазір көріп отырғанымыздай, қазір бір жылдық инфляция 20,3 пайыздан асып жығылды. Ал азық-түлік инфляциясы болса, 25 пайыздан асты. Бұл соңғы он төрт жылда болмаған жағдай. Бұл – экономикамыздың жағдайы ауыр деген сөз. Бірінші кезекте халықтың әлеуметтік жағдайына қатты әсерін тигізіп отыр. Халықтың табысы 20 пайызға өсіп жатқан жоқ. Шынайы қарайтын болсақ, халықтың табысы өте аз. Инфляция деңгейін қуып жете алмай келе жатқанын байқауға болады. Азаматтарымыздың төлем қабілеті нашарлап барады. Бұл кедейшілік деңгейінің өсуіне ұласады. Бұл жақсы үрдіс емес.

Биылғы жылда да инфляция үрдістері жалғасады. Бұдан бөлек, девальвация болуы да ықтимал. Біз девальвация деген сөзге үйреніп қалдық. Бірақ экономикада мұны девальвация деп айтпайды, бұл – теңгеміздің құнсыздануы. Осындай үдерістер жүруі мүмкін. Бұған барлық негіз бар.

Бүкіл әлемде ақша-несие саясаты қатаңдай бастады. Бұған дейін жеңілдетілген ақша-несие саясатын жүргізіп келген-ді. Бұл қалай жүзеге асады? АҚШ-тың федералдық  резервтер жүйесі болсын, Еуропаның орталық банкі болсын, Жапония орталық банкі болсын, барлығы базалық пайыздық мөлшерлемелерді көтеріп жатыр. Бұл осы елдердің валютасының қымбатауына әкеледі.

Геосаяси жағдайды көріп отырмыз. Рубль де құнсызданады деген болжам бар. Өйткені, күшті рубль Ресейдің экономикасына да пайда әкелмеді. Бюджетке пайда әкелу үшін рубль әлдеқайда құнсыз болуы тиіс. Әлемде мұнай бағасының төмендеп жатқаны байқалады.

Бұдан бөлек, Қытай, АҚШ және Еуропа экономикасында рецессия болады деген болжам бар. Бұл туралы жақында ғана Халықаралық валюта қоры мәлімдеді.

Рецессия – дағдарыс деген сөз. Дағдарыс фазасына өткенде бұл мемлекеттердің өндірісі қысқарады. Өндіріс азайғанда шикізатқа деген сұраныс төмендейді. Демек, мұнай бағасы арзандайды. Осындай факторлар рубльдің де, теңгенің де құнсыздануына себеп болуы мүмкін.

Қытай экономикасында рецессия болады деп болжануының тағы бір себебі – тұрғын үй нарығында ипотекалық дағдарыс күтіліп отыр. 2008 жылғы АҚШ-тағыдай ауқымды дағдарыс болмаса да, белгілі бір дәрежеде құрылыс нарығына жағымсыз әсер етеді. Көрші отырғаннан кейін мұның салқыны Қазақстанға да тиеді. Елімізде құрылыс нарығында, әсіресе, екінші нарықта көпіршік бар екенін талай экономистер айтып жүр. Мұндай үдерістер туындаса, осы көпіршік жарылуы әбден мүмкін. Бағалар күрт төмендеуі ықтимал. Бір жағынан халық үшін жақсы болып көрінеді. Бағалар реттеліп, тұрғын үй бағасы түседі. Бірақ бұл құрылыс компанияларының банкротқа ұшырауына әкеліп соғады. Мұның кесірінен үлескерлер үйлерін уағында ала алмай қалуы мүмкін. Құрылыстар қаңтарылып қалады. Бұдан бөлек, құрылыс нарығында көп адам жұмыс істейді. Бұл әзірге тек болжам ғана.

Геосаяси жағдай тұрақталып, әлемдегі қаржы жүйесі, ақша айналымы реттелсе, бәрі қалыпқа түсуі мүмкін. Әрине, мұнай бағамының болжамдары да екі түрлі. Кейбір деректер бойынша, мұнай бағасы өсе түсуі мүмкін. Өйткені, Қытай карантиндік шектеулерді қысқартып, шекарасын ашып жатыр. Бұл іскерлік мүмкіндікті жандандырады. Осы сценарий болса, мұнайға және басқа да ресурстарға сұраныс қайта артады. Бұл Қазақстанға да оңтайлы әсер етеді.

Қазақстан Каспий құбыр консорциумына байланып отыр. Бұл мәселені шешуге ұмтылып та жатыр. Өзге де транзит жолдары қарастырылып жатыр. Бұл мәселелер түбегейлі шешілсе, Қазақстан үшін биыл оңтайлы жыл болады деуге негіз бар. Дейтұрғанмен, мұнай бағасы қазір аса төмен емес. Пандемия кезінде барреліне 30 долларға дейін түсіп кеткен еді. Мұндай жағдайға дейін жеткен жоқ әзірге. Мұнай бағасы аздап түссе де, бұл Қазақстан экономикасына, экспорт көлеміне аса ықпал етпейді. Экспорттық әлеуеттің жақсы болуы теңгені тұрақты етеді. Осы жылы 90 миллион баррель мұнай өндіруді, 71 миллионын экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Осы үдеден көрінсек, экспорттық әлеуетімізде артықшылықтар сақталады. Осындай балама мүмкіндіктер де бар.

Өз басым еліміздің экономикасының тұрақты болғанын қалаймын. Біздегі саяси өзгерістер әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге ұласса, халықтың әлеуметтік-жағдайы жақсарса деген ниетім бар. Сонда халықтың да мемлекетке деген сенімі артады. Бұл экономикада үлкен рөл ойнайды. Халықтың мемлекетке сенімі болса, онда еңбек өнімділігі артады. Ертеңге сенімі болса, азаматтарымыздың еңбекке деген құлшынысы болады. Осы себеп экономикалық өсімді тудырады. Бұл – өте маңызды фактор.  Сыбайлас жемқорлықпен күрес, бюджет қаражатын үлестірілу тиімділігін арттыру және тағы басқа маңызды мәселелер үкіметтің осы жылы атқаратын жұмысына тікелей байланысты болмақ.

«НЕГЕ МЕДИА»

Материалдарды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасалуы міндетті

Сайт әкімшілігі

Өзекті

Басқа материалдар