Қазақстанда “ұлттың артына тығылу” билік өкілдерінің, қоғамда танымал тұлғалардың сүйікті манипуляция тактикасы. Мәселен, кешеден бері Мәжілісте “шаңыраққа қаратқыш” депутаттармен қатар “орыс болғаны үшін ғана” сын астына қалатын мәжілісмен бар екенін көрдік. Сондай-ақ Президент әкімшілігі мен Мәжіліс басшылығы антикризистік коммуникацияны мүлдем түсінбейтінін көрсетті. Бұл туралы саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт айтты.
Оның айтуынша, антикризистік коммуникацияда алғашқы реакция деген түсінік бар. Репутациялық кризистен қалай ұтымды шығатыныңыз сол реакцияға тікелей байланысты.
«Мәжілістің алғашқы реакциясы дәстүлі “ол мемелкетшіл азамат” және “біз біргеміз” деген сарында болды. Ол реакция азаматтарды одан сайын ызасын келтіріп, түсінбестікті күшейтпесе, жағдайды реттеуге еш көмектеспеді. Ал ресейлік медиа пропагандасына ілік тауып берген депутат Никита Шаталов үнсіз қалды. Бүгінгі “бәріміз қазақпыз ғой” деп басталатын мәлімдемесіндегі мына абзац, әсіресе соңғы сөйлемі мүлдем орынсыз: “За громкими заголовками, которые сейчас продвигаются в социальных сетях, нет ни доли правды. Зато есть попытки откровенных манипуляций и информационных интервенций. Это то, с чем я последовательно борюсь все время моей работы в Мажилисе. И сейчас тоже не оставлю это просто так”, — дейді ол.
Сондай-ақ ол кеше Мақсат Толықбай, Елнұр Бейсенбаев сияқты депутаттар мен “мемлекетшіл” блогерлер емес, Шаталовтың өзі түсінбестік үшін шын кешірім сұрап, ресейлік медиадан өз сөзін пропаганда мақсатында қолданбауды сұрағанда кризисті мейлінше ұтымды реттеуге мүмкіндік туар еді деген ойын айтты.
«Ал тек цензураны, айып салуды, соттауды, ұрандатуды ғана білетін саяси режим әдеттегідей әрекет етті. Нәтижесінде “Мухоряпов кейсіне” “Шаталов кейсі” қосылды. Бұл – антикризис коммуникация курсында оқытылатын кейс қана емес, қоғамдағы поляризацияны күшейтетін кейс. Оның саяси салдарын алдағы уақытта көретін боламыз», — дейді саясаттанушы.