Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әлеуметтік саладағы заңдылық қағидатын қамтамасыз етуге ерекше назар аударады.
Соңғы 6 жылда әлеуметтік қамсыздандыру саласында 574 қылмыс тіркеліп, 141 адам сотталды.
Түркістан қалалық соты Сауран ауданының білім бөлімінің басшылары А. Батырбековаға, Т. Шегенбаевқа, бухгалтерлер Б. Жанәлі мен А. Парменовқа қатысты үкім шығарды.
Олар білім беру саласында нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақы ретінде аудару арқылы 29 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Батырбекова мен Шегенбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылса, Жанәлі мен Парменов сол мерзімге бас бостандығын шектеді.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Шымкент қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті» РММ бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушысы Д. Бегалаеваға және «№12 қалалық емхана» ШЖҚ МКК медбикесі Г. Ирбаеваға қатысты үкім шығарды.
«Бегалаева бірнеше рет пара алғаны үшін, Ирбаева мүгедектік топтарын келіскені үшін мүмкіндігі шектеулі балалардың ата — аналарынан жалпы сомасы 500 мың теңгеге пара алуда бірнеше рет делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылды», — делінген хабарламада.
Сот үкімімен Бегалаева мен Ирбаева тиісінше 23,3 млн теңге және 10 млн теңге көлемінде айыппұл салуға сотталды.
Сондай-ақ, Атырау қаласының №2 сотымен қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі М. Сейтқалиеваға және басқаларға қатысты үкім жарияланды.
Ол жергілікті мектептердің бірінің уақытша директоры А. Қойшығұлова арқылы үш мұғалімнен «сарапшы» санатын бекіту үшін жалпы сомасы 150 мың теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен оларға 1,4 млн теңгеден 4,5 млн теңгеге дейін айыппұл түрінде жаза тағайындалды.
Бұдан басқа, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылады.
Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.